Жабық тәсілмен пішу отасының техникасы

Енді қолдан жасалған ағаш қысқыш (лещетка) немесе лигатураны қолдануымен алып тастау. 

Ағаш қысқышты қолдану мен пішу. Қысқышты  бір жағын жіппен берік байлап автоклавта немесе стерилизаторда қайнатып зарарсыздандырады. 

Тартып ұстаған ұманы қабаттарын абайлап жалпы қынаптық қабыққа дейін тіледі. Содан кейін жараны доғал тәсілмен (қосылған қайшымен) кеңітеді, ұма қабаттарын жалпы қынаптық қабықтан және сыртқы ен көтергіштен бөліп алады. Ұманы мойын бөліміне дейін ашады. 

Жалпы қынаптық қуыста бөтен еш зат қалмағандығын тексеріп (пальпациямен немесе қабықтардың қабырғаларына тесік жасап), оны ен мен бірге 180° бұрап одан 7см жоғарырақ жануардың денесіне көлденең келтіріп ағаш қысқышты (лещетка) салады. Қысқышты арнайы бұрандамен немесе қысқыштармен жақындатып, мықтап байланыстырады. Қысқыштан 2-2,5см төмен түсіп жалпы қынаптық қабықпен жабылған енбауын қайшымен кесіп алады. Енбауды 5% йодтың спирттегі ерітіндісімен домдайды. Қысқышпен қысылған жалпы қынаптық қабықтың ұштары қайтадан айналып кетпеу үшін, екі қысқышты зарарсыздандырылған майлықпен жауып оның айналасындағы  ұма жараларын жапсыра тігеді. Қысқышты 8 күннен кейін шешеді немесе қашан олар өздігінен түскенін күтеді.  

screenshot_5.png

1-сурет. Айғырды пішу: а) ашық тәсілмен Занда қысқышын қолданып пішу; б) жабық тәсілмен ағаш қысқышты (лещетка) қолданып пішу; в) Занда қысқышын салу тәртібі  

Лигатура қолдануымен пішу. Жалпы қынаптық қабықты тіліп ашқаннан кейін ұма қабаттарын құрсақ қабырғаға қарай ығыстырып, жалпы қынаптық қабықпен жабылған енбауына еннен алыстатып занда қысқышын салады. Бірнеше секунд өткеннен кейін қысқыштың жүзін (браншын) ашады, еңді жалпы қынаптық қабықпен бірге 180° С бұрайды және қысқышпен енбауын екінші қайтара жаншиды. Қысқышты алып оның орнын жылдам жуан және ұзын кетгут жіппен тартып байлайды. Енбауын үш саусақ енінен төмен эмаскулятормен немесе қайшымен кесіп тастайды. Лигатураны ен қалдығы бөлініп түскенше  қалдырады.

 

Айғырды тік тұрған жағдайда пішуі. Отаны айғырларды жатқан жайда пішуден жеткілікті тәжірибесі бар оташы (хирург) жасайды. Пішудің ашық тәсілін қолданады. Айғырдың артқы сол аяғын діңгекке көтеріп, бекемдеу құрылғысында бекемдейді немесе жай тұра береді тек басынан біреу ұстап тұру қажет. Күре тамырға ромпун немесе хлоралгидратты енгізеді, интератестикулярлы (еннің ішіне немесе енбауына) новокаин ерітіндісін енгізеді. Жоғарғы ерінге бұрау салып оны көмекші ұстап тұрады. Ұманың ота жасайтын орнын залалсыздандырғаннан кейін еннің мойнына икемді жгут салып, отаға кіріседі.

Ота жасаушының иығы айғырдың қарынының төменгі қабырғалар деңгейінде болу үшін, тізелерін бүгіп, айғырдың сол бүйір жағында ұмаға тікелей қарап орналасады. Кейіннен сол қолымен ендерді қысып ұстап алып жылдам қозғалыспен кезекпен ұманы жалпы қынаптық қабықпен бірге краниокаудалдық бағытпен тіледі. Керісінше теріс бағытпен кескенде оташы өзінің сол қолын зақымдауы мүмкін.

 Енді ашқаннан кейін жедел қайшымен кезекпен өтетін байламдарды кесіп, енбауды бірден немесе кезекпен занда қысқышымен қысады. Отаны ендерді бұрап алып немесе қайшымен кесіп тастаумен аяқтайды. Сондай әдіспен енді эмаскулятормен алып тастауға болады. Икемді жгутты қысқышты немесе эмаскуляторды алғаннан кейін шешуге болады. Ота барысында айғырдың әртүрлі қозғалыстары болуы мүмкін. 

screenshot_6.png

2-сурет. Айғырды тік тұрған жайғдайда пішу  а) ен қабын ашу; б) Занда қысқышын салу 

Сондықтан, хирург малды артық алаңдатпау үшін оның құрсақ қабырғасына иығын тигізбегені дұрыс. Егер жануар ерекше мазасызданса онда бұрауды шешіп, оған аздаған сұлы беруге рұқсат етіледі.

Жұмыстың барысы: 

1) тапсырма. Еркек малды жығып бекемдеу әдістерін игеру. 

2) тапсырма. Еркек малды пішу жолдарын қарастыру.

3) тапсырма. Жалпы және жергілікті жансыздандыруды игеру. Енбауына және енге новокаин ерітіндісін енгізу.

4) тапсырма. Еркек малды пішудің ашық және жабық тәсілдерін игеру

Бақылау сұрақтары 

1. Экономикалық оталар түсінігі және қажеттілігі

2. Еркек малды пішу жолдары

3. Ұрғашы малды пішу әдістері

4. Колпотомия түсінігі

5. Пішудің перкутанды әдістері