12-тақырып

Сабақ тақырыбы: Төлдеу патологиясы мен төлдегеннен кейінгі кезеңнің дамуына ықпал ететін жағдайлар.

Мақсаты: Буаздық, туу жəне туғаннан кейінгі кезеңдегі патологияларды дауалауды жəне акушерлік құрал саймандарды пайдалануды үйрену.

Материал жəне жабдықтар: Суреттер, плакаттар, муляждар, (табиғи) буаз малдар (сиырлар, қойлар, ешкілер жəне т.б.). акушерлік қолғаптар, алжапқыш, сабын, залалсыздандырғыш ерітінділер, ауру тарихы, жануарларды тіркеу парақшасы, дəрілік заттар, акушерлік құрал-саймандар, шприцтер, Эверс құралы, акушерлік ілмектер, арқандар, фетотомдар жəне т.б заттар.

Тапсырма: оқу құралдары мен материалдарды пайдалана отырып, буаз малдардың акушерлік ауруларына диагностика жасауды, саралауды жəне балау қоюды, туалмай жатқан малдарға акушерлік көмек беру жəне акушерлік құралдарды дұрыс пайдалануды үйрену.

Буаз мал аурулары. Тақырыпта малдəрігерлік тəжірибеде жиі кездесетін буаз мал аурулары қарастырылады: буаздық ісігі, буаз-көтерем, невропатия, гепатопатия, эклампсия, сүйектердің сынуы (остеомоляция), қынаптың түсуі, жатырдан қан кетуі, мезгілсіз толғақ, жатыр жарығы, жатырдың бұралуы, іш тастау, жатырдан тыс буаздық т.с.с.

Буаздық ұрғашы мал ағзасында күрделі өзгерістер туғызады. Əрбір мүшенің қызметі ауырлап, оған күш түсе бастайды, бұрынғы ескі аурулар қозады. Бағу-күтімі, азықтануы нашар болса, мал буаздықты көтере алмай ауруға шалдығады. Кейде мұндай өзгерісті буаздық токсикозы деп атайды.

Ұрғашы малдың ағзасында буаздық, туу жəне туғаннан кейінгі кезеңдерде пайда болған ауруларды акушерлік аурулар деп атайды.

Буаз малдың ісінуі деп буаз малдың туар алдында бір ай шамасы бұрын артқы аяқтарында, құрсағының астыңғы жағында пайда болған ісіктерді айтады. Аурудың себептері біршама көп. Ең алдымен жем-шөптің құнарсыздығы, жетіспеуі, буаз малдың күнделікті серуенге шықпауы, жүрек,

бүйрек аурулары (миокардит, нефриттер). Соның салдарынан қан айналу жүйесі əлсіреп, тамырларының ішкі қысымы артып, қанның сұйық бөлігі қан тамырларының сыртына сүзіліп шығады. Көбінесе тері астылық ұлпаға сіңіп жинала береді де, үлкен болып жайылған ісіктерге айналады Бұл ісіктер ауырмайды, бармақпен басып көргенде терең шұңқырлар қалады. Мұндай мал тез шаршайды, ентігеді. Мұндай ісіктер көбінесе мал туғаннан кейін 5-10 күннің ішінде өздігінен жойылып кетеді.

Буаздықтың ісігін туғанға дейін күнделікті уқалап сипайды, малды серуенге шығарады, сұйық азықты азайтып, сапалы пішенмен азықтандырады. Кейде күре тамырға хлорлы кальцийдің 100-150 мл 10%-дық ерітіндісін құяды.

Буаз-көтерем. Буаз мал тууға 1,5-2 ай қалғанда аяғына тұра алмай

жатып қалады. Ауру көбінесе сиырларда қыс мезгілінде кездеседі. Аурудың нақтылы себептері толық анықталмаған. Дегенмен малдың жем-шөптен қысылуы, серуенге шықпауы, суыққа шалдығуы əсер етуі мүмкін.

Алғашқы кезеңінде сиырлардың жүрісі өзгереді, теңселіп жүреді, кейіннен жатып-тұруы қиындап, бір жерден екінші жерге сүйретіліп жылжиды. Жем-шөпке тəбеті сақталады, дене қызуы да қалыпты жағдайда.

Аналық мал туғанға кей жағдайда туғаннан кейін 1-2 аптанын ішінде тұрып кетуі ықтимал. Ал еңді көп жатып қалса ас қорыту ағзаларында атониясы, дамып, малдың жатқан тұсы тесіліп, аналық мал уланудан немесе септицемиядан өледі.

Емі: аналық малды рационына оңай қорытылатын, дəруменді, минералды заттар мен байытылған, ақуызды азықтарды енгізеді, яғни балық майын, сəбіз, құрғақ пішен. Малдың жатқан жері құрғақ болғаны дұрыс, үсті- басын, жанбасын уқалап сүртіп 2-3 рет аударып тұрады. Күре тамырға 100- 150 мл хлорлы кальцийдің 10 %-дық, 200-300 мл глюкозаның 20 %-дық ерітінділерін жəне кофеинді қосып жібереді.

Жатыр жарығы. Буаз малдың құрсақ көк еті соққы əсерінен жыртылып, жатыр пайда болған тесік арқылы тері астына шығып кетеді. Бұл ауру көбінесе сиырда, биеде, ешкіде кездеседі. Бір бүйірі немесе құрсағының астыңғы жағы бұлтиып шығып тұрады. Ұстап, түртіп көргенде ішіндегі жиналған шарана суын, кейде төлдің дене мүшелерін сезуге болады. Уақыт өткен сайын жатыр тері астына ығысып, сыртынан қарағанда ісіктің көлемі ұлғая береді. Бірақ бұл патология төлдің өсіп, дамуына аса əсерін тигізе коймайды. Малдың жалпы жағдайы да өзгермейді, тек туу кезінде мал өздігінен туа алмай көп қиналып, төл тұншығып өліп кетуі мүмкін.

Ауруды емдеу əдісі табылған жоқ, тек төлді туған кезінде тартып шығару қажет, қажет болса кесарь тілігін жасайды.

Жатырдың бұралуы көбінесе сиырда кездеседі (сурет 14). Бұл патологиялық үдерістің мəні жатыр өз өсінен 180-360 °-қа айналып кетеді.

Буаздықтың мерзімі асқан сайын жатыр ұзара түседі де, оны бекітіп ұстап тұрған шарбының (брыжейка) əлі жетпей, мал кұлағанда, арықтан карғып өткенде жатыр оп-оңай оз өсінен айналып кетеді. Сондықтан да буаздықтың екінші жартысына ауған малды қуалап айдауға, биік төбеден ылдиға төмен карай түсіруге, тар есіктен сығылыстырып шығаруға болмайды. Жатыр толық бұралмаған жағдайда, оның қан тамырлары қысылмай, буаздық аяғына дейін дұрыс жүре береді. Жатыр толығымен айналғанда жатырдағы төл тұншығып өледі.

Жатыры бұралған малдың алғашқы кезде жалпы жағдайы өзгермейді, кейіннен əр түрлі түйнектер (коликтер) пайда болып мал мазасызданады,

күшенеді, бірақ ешқандай кағанақ қабықтары шықпайды. Қынаптың кілегейлі қабығының катпарлары жатырдың бұралған жағына қарай тартылып тұрады.

Сурет 14. Жатырдың бұралуы (нобайы) А-қалыпты, Б-бұралған, В-бұралу нобайы ІҚМ

Тік ішек арқылы қол салып зерттегенде бұралған жатырды оңай анықтауға мүмкіндік береді. Жатырдың бір жақ шарбысы тартылып, екінші

жағы бос жатады. Жатыр 360°-қа бұралса көп кешікпей-ақ оның қабырғасында өлі еттену байқалып, жатыр қынаптан бөлініп түседі.

Бұралған жатырды калпына келтіру үшін, тік ішек арқылы жатырды кері бұрау қажет, ол мүмкін болмаса малды тегіс жерге жығып оны арқасынан жатырдың бұралған жағына жылдам аудару, қажет.

(Шефер əдісі). Егер аталған əдіс нəтиже бермесе малдың артқы аяқтарын

байлап, 0,5-1 м биіктікке көтеріп іліп қояды. Мал əрі-бері бұлқынғанда жатыр орынына келуі мүмкін. Осы жоғарыда айтылған əдістер нəтиже бермесе, кесарь тілігі жасалады.

Кынаптың айналып түсуі буаздықтың соңына қарай, көбінесе сиыр мен

ешкіде қыс айларында немесе ерте көктемде кездеседі. Жем-шөптің жетіспеуінен, малды серуенге шығармау, кұрсақ қуысындағы қынап босаңсып сыртқа карай ығысып шығады.

Алғашқы кезде қынап жартылай ғана түседі, тек үстіңгі қабырғасы ғана

айналып жұдырықтай болып қызарып шығады. Сиыр орнынан түрегелгенде

түскен қынабы кайтып орнына барып көрінбей қалады. Бірақ уақыт өткен сайын ауру одан əрі асқына береді де, қынаптың толық түсуі байқалады, тіпті

жатыр мойыны да көрініп тұрады.

Қынаптың түскен бөлігі күнге кеуіп, жарылып, топырақ, зəр-нəжіспен ластанып қабынады, ісінеді, мал күйзеліске түседі. Қынаптың кілегейлі қабығы карайып шіріп өлі еттенеді. Мал нəжіс, зəр шығарғанда қиналады.

Ауруға уақтылы ем көрсетілмесе мал сепсистен немесе басқа да асқынулардан өледі.

Емдеудің негізгі мақсаты: түскен қынапты емдеудің екі түрі кездеседі:

1. орнына салынған қынапты концервативті емдеу, сарпайға арқаннан, теріден жасалған бандаждар салу арқылы; 2. орнына салынған қынапты сарпайға кисеттік тігістер салу арқылы бекіту.

Туғаннан кейінгі салдану (парез). Ауру өте жіті өтіп, кенеттен пайда болатын ауру. Көбінесе семіз, сүтті сиырларда кездеседі. Құнажындар, сүті аз

жергілікті мал ауырмайды. Ауру алғашқы кезде сиырдың қозғалысы бұзылады, кейіннен сиырдың аяқтарының қызметі баяулайды, іші кебеді, дене температурасы төмендейді. Денесін, мүйізінің, құлағының түбін ұстағанда салқындағанын байқайлады. Мойын омыртқасы иректеліп, басы

бір жақ бүйіріне қисайып, тілі салбырап шығып жатады. Көзі бадырайған, кейде жұмулы, ешқандай айқай-шуға, ұрғанға көңіл аудармайды. Тік ішегінде қатып, кеуіп қалған нəжіс байқалады. Қуық зəрге толып кетеді, кейде туып жатқан кезде де болуы мүмкін. Көбінесе туғаннан кейін 1-2 күннің ішінде байқалады да, дер кезінде көмек көрсетілмесе сол алғашқы 24 сағаттың ішінде-ақ өліммен аяқталады. Өте сирек жағдайда ауру мал өздігінен жазылып кетуі мүмкін. Дене температурасы жоғарылап, тамыр соғуы дұрысталып, басын көтеріп, айналасына қарап, ішек-қарын қызметі қалпына келе бастайды.

Себептері: Аурудың нақтылы себебі белгісіз.

Дегенмен көптеген ғалымдар аурудың пайда болуын гипокальцемия, гипогликемия құбылысымен байланыстырады. Туғаннан кейінгі кезеңде малдың қанында кальцийдің, натрийдің, көмірсуларының күрт төмендеп кететінін растайды. Бұл ауруға көбінесе жоғары өнім беретін қоңды, серуенге шықпаған жəне желдің өтінде тұрған мал шалдығады.

Емі: Қазіргі таңда ең тиімді ем сиырдың желініне ауа үрлеу. Бұл үшін желіннің үрпісін 70° спиртке малынған мақтамен сүртіп оған кəдімгі сүт катетерін салып Эверс аппаратымен (45-сурет) немесе велосипед насосымен ауа үрлейді, ауа шығып кетпес үшін емшектерінің ұшын 15-20 минутқа дəкемен байлап қояды.

Сонымен қатар айтылған емге қосымша тері астына 10 мл кофеин, күре тамырға 200 мл глюкоза немесе хлорлы кальций, глюконат, кофеин ерітінділерін жібереді. Сиырдың үстін ысқылап, сүртіп, каналдарын жауып қояды, егер жасалған əрекет тиімді əсер етсе жарты сағаттың ішінде жазылып

тұрып кетеді.

 

Бақылау сұрақтары:

1. Жатыр бұралуының емдік шаралары қалай жүргізіледі?

2. ІҚМ- қолқасына аортопункция жасау техникасын көрсетіңіз?

3. Қынаптың айналып түсуін емдеудің кисетті жəне консервативті

əдістерін көрсетіңіз?

4. Эверс құралы не үшін қолданылады?

5. Төлдің мумификациялануы дегеніміз не?

6. Түсіктің түрлерін атап беріңіз?

7. Түсік дегеніміз....?