Кіріспе
Кіріспе
Мал шаруашылығы – мемлекеттің аграрлық секторының маңызды салаларының бірі. Оның халық шаруашылығындағы негізгі міндеті – халыққа қажетті азық-түліктермен қамтамасыз ету. Қазіргі кезде мал шаруашылығының дамуы келесі бағыттарға негізделген. Олар, малдың генотиптік қасиеттері, осы генотиптік факторларға əсер ететін сыртқы орта жəне азықтандыру мен бағып-күту жағдайлары. Осы факторлардың ішінде малдың өсіп-жетілуіне азықтандырудың əсері басым. Осыған байланысты, мал басын сақтап, сапалы мал өнім өндіру үшін азықтандыруды ғылыми негізделген түрде ұйымдастыру қажет. Ауыл шаруашылық малынан алынатын өнімнің 60% жуығы оларды азықтандыруға байланысты. Малдан экономикалық жағынан тиімді өнім алу үшін оларды сапалы азықтармен жəне құрамындағы қоректік заттармен – құрғақ заттар, ақуыз, қуат, көмірсулар, дəрумендер мен микроэлементтер, биологиялық белсенді заттармен қамтамасыз ету қажет. Малды азықтандыру ғылымының қазіргі даму деңгейі – азықты тиімді пайдалануға, мал денсаулығын сақтауға, өнімділіктің жоғары деңгейін сақтап, сапалы өнім алуға бағытталған. Алынатын өнімге рацион құрамындағы азық мөлшері, құрамы əсер етеді. Сондықтан азықтық кешенді табиғи – климаттық жағдайларға байланысты дайындауда жаңа прогрессивті технологияларды пайдалану, азықтандыру алдындағы дайындықтар мен сақтау маңызды міндеттер болып табылады. Қазіргі шаруа қожалықтары, фермерлер, мал мамандары азықтандыруда қолданылатын негізгі азықтар түрін, олардың химиялық құрамын, қоректілігін жəне тағы басқа қасиеттерін білулері қажет. Сонымен қатар, малдан мол жəне сапалы өнім алу, əртүрлі малды толық құнды азықтандыра білу бүгінгі заманда өзекті мəселе болып табылады. Малды азықтандыру жəне мал азығын дайындау жұмыстарын алдын ала жоспарлауда мал дəрігерлері мен агрохимиялық зертханалардың атқаратын рөлі үлкен. Зоотехниктер зертханалық нəтижелерге сүйене отырып малға берілетін азықтың сапасын тексереді. Зерттеу нəтижелеріне сəйкес шаруашылықтың басшылары мен мамандары азықтың құнарлылығын арттырып, мол өнім алуға, аурулардың алдын алу шараларын қарастырады. Оқу құралының негізгі мақсаты – азықтарды дайындау технологиясын, малды толық қанды азықтандыру тəжірибесін үйрену, азықтандыруды ұйымдастыру. Сонымен қатар, болашақ мамандарға малды азықтандырудың биохимиясын, ғылымға негізделген азықтандыруды ұйымдастыру туралы білім беру. Оқу құралын қолдану барысында студент өзінің оқу курсында алған теориялық жəне тəжірибелік білімдерін пайдалану қабілетін көрсете білуі жəне кəсіптік ісінде жұмыстық дағдыларын алады.