6)СИЫРДЫ АЗЫҚТАНДЫРУ
1. Сиырды азықтандыру
2.Ірі
қара малының төлін азықтандыру
ерекшеліктері
Мал азықтандыру ғылымының негізгі мақсаты –
шаруашылықтағы мал басының қоректік қажеттілігін дəл анықтап оны толық
қамтамасыз ететін жем – шөп мөлшерін белгілеу. Ағзаның қажеттілігі арнайы
сəйкестік көрсеткіштер арқылы белгіленіп, мұндай азықтандыруды мөлшерленген
азықтандыру деп атайды. Азықтандыру мөлшеріне сəйкес азықтандыру рационы
құрылады. Малды ғылыми негізде азықтандыру оның тіршілігін қамтамасыз етуге жəне
өнім өндіруге қоректік заттар қажеттілігі мұқият ескерілуі керек. Қажеттілік
мөлшерден аз немесе көп берілген зиян. Жемшөп қажетті мөлшерден аз берілсе, ол
мал денесіндегі зат алмасуын толық қамтамасыз ете алмайды да, төлдің өсіп
жетілуі, сақа малдың өнімділігі тежеледі. Ал, қажетті мөлшерден көп берілсе,
шамадан тыс енген қоректік заттар қорытылымы төмендеп, олар толық игерілмей,
пайдасыз шығындалады. Азықтандыру
мөлшері – малдың түріне, жасына, жынысына, физиологиялық жағдайына, тірілей
салмағына жəне өнімділігіне байланысты белгіленген ағза мұқтаждығының
көрсеткіштері. Мал неғұрлым ірі болса, оның тіршілігін қамтамасыз етуге қажетті
қоректік заттар да жоғарылайды жəне өнімділігі өскен сайын оны өндіруге
жұмсалатын енергия мен қоректік заттар деңгейі ұлғайады. Қазіргі кездегі
азықтандыру мөлшерінде малдың тіршілік мұқтаждығын қамтамасыз етуге қажетті жəне
де өнім түзілуіне керек қоректік заттар мөлшері біріктіріліп жалпы азықтандыру
мөлшері арқылы беріледі. Мал азықтандыру рационы - белгілі талапқа негізделіп,
құрастырылған жемшөп мөлшері. Рационға енетін жекелеген азықтар мен азықтар
тобының көлемі мен ара қатынасы физиологиялық жəне малдəрігерлік ережелерге
сəйкес, мал түлігінің асқорыту ерекшеліктерін ескеріп, қорытылымы мен игерілуін
жоғары деңгейде ұтымды түрде қамтамасыз ететіндей құрастырылады. Ең алдымен
рационды мал сүйсініп жейтін, үйреншікті жем шөбін құрастырады. Олар
шаруашылықта өндірілетін арзан азық болуы керек. Өйткені азық шығынының мал
шаруашылығы өнімінің өзіндік құнын құрастырудағы үлесі басым, азықтары жақсы
қорытылып, мол өнім беруге бағытталуы тиіс. Түрлі азықтар белгілі бір ара
қатынаста есептеліп жасалуы тиіс. Осы азықтардың жалпы қоректілігі бойынша
алынған проценттік ара қатынасын рацион құрылымы деп атайды. Шаруашылықтағы
малды азықтандыру типі рацион құрылымындағы басым азық түріне байланысты
аталады. Ол қалыптасқан жемшөп қорына, осы өңірде кең тараған азықтық
дақылдарға, оларды мал азығына пайдалану тиімділігіне байланысты болады.
Еліміздің əр табиғи-экономикалық өңірінде ғылыми-зерттеу орталықтары əр мал
түріне жəне жыныстық, жастық, өндірістік топтарына арналған типтік рациондар
ұсынады. Азықтандыру талаптарына қарай малдың жалпы энергетикалық (азық өлшемі,
алмасу энергиясы бойынша) мұқтаждығын анықтап, оны қамтамасыз ететін рационның
азық мөлшерін белгілейді. Содан
кейін малға берілетін азық мөлшерін талаптағы құрғақ зат мөлшеріне
сəйкестендіреді. Құрғақ зат мөлшері бойынша рацион мөлшерін ондағы азықтың толық
желінетінін яғни малдың ас қорыту жолдарына сиятынын
бақылайды.
Ірі қара малының төлін азықтандыру
ерекшеліктері
Ірі қара малының төлін өсірудегі негізгі мақсат – тез
өсіп жақсы жетілетін, дене тұлғасы мықты сиырлар өсіру. Оны іске асыру үшін əр
шаруашылықта табиғи жəне экономикалық жағдайын, жемшөп қорын ескере отырып
ғылыми негізделген төл өсіріп жетілдіру жүйесі белгіленеді. Алғашқы 6 айда ( ет
бағытындағы тұқымдар үшін 8 ай) ол бұзауды азықтандыру жобасына негізделеді. Ірі
қара төлінің өсуі 2-3, ал жетілуі 4-5 жасында аяқталады.
Осы уақытта олардың жетілуінің биологиялық заңдылықтарын жете ескере отырып, жоғары өнімді сиыр өсіру керек. Оны іске асыру үшін азықтандыруды тұқымдық ерекшеліктері өсіру бағыты мен сақайғандағы тірілей салмағына жеткізетін өсу жоспарына сəйкестендіріледі. Сақа болғандағы тірі салмағы 500-550 кг тартатын сиырларды өсіру үшін төлдің алғашқы 6 айдағы орташа тəуліктік салмақ қосымы 650-700г, 7-12 айлығында 550-600 г, 18 айлығында 345 кг – ға жетуін қадағалайды. Тұқымдық еркек бұзаулардың бұдан да жоғары (850-950г) орташа тəуліктік салмақ қосуын жоспарлап, 16 айлығында тірідей салмағын 450-500 кг – ға жеткізеді. Жоспарланған көрсеткіштерге жету үшін азықтандыруды жан-жақты толықтырып, өсіп – дамып келе жатқан төл организімінің мұқтаждығын қамтамасыз ететіндей етіп ұйымдастырады. Қабылданған төл өсіру жоспарына сəйкес шаруашылықта жаңа туылған бұзауларды өсіру тəсілі белгіленеді. Ол тəсілдер үш топқа бөлінеді. Біріншісі – бір кезде туылған 2-4 бұзауды осы мақсатқа арнайы бөлінген сиырды емізіп өсіру. Ол сиырды саумайды, сүттілігіне қарай емізілетін бұзаулар санын белгілейді. Бұзауларды қай тəсілмен азықтандырылып өсірілетін болса да, оларды туғаннан кейін міндетті түрде енесінің уызымен тойдыру шарт. Алғашқы екі тəулікте уызды бұзауға 1-2 л, 5-6 рет бөліп емізеді. 3-4 күні уызды күніне 3 рет бөліп емізіп, 5-ші - 6-шы күнінен оның құрамы біртіндеп сүтке айналғанда 6 айға дейін азықтандыруға таңдалған тəсіл бойынша өсіре бастайды. Таңдалған азықтандыру нобайы бойынша сүт беріп, оны біртіндеп, мөлшерін азайтып, майсыздандырылған көк сүтпен ауыстырады. Алғашқы күндерден бастап төл сүйегі тез жетілу үшін сүтке кальций – фосфорлық минералды қосындылар мен ас тұзын қосып береді. Жемге басында ұнтақталып тазартылған сұлыға үйретіп, екінші айдан бастап оны арнайы шығарылған құрама жеммен ауыстырады.