№ 3 Өндірісті ұйымдастырудың жалпы түрлері.

 

Пәннің аты: Экономика негіздері.

 

Сабақтың тақырыбы: Өндірісті  ұйымдастырудың  жалпы түрлері.

Өндіріс және нарық

Жоспар:

1. Өндірістің мәні және экономикалық қатынастар

2. Экономикалық  ресурстар түсінігі.

 

Үй жұмысы № 3 Семинар: Өндіріс және нарық

 

1. Өндірістің мәні және экономикалық қатынастар

     І.Өндіріс - адамдардың табиғи заттарға әсер ете отырып, материалдық және рухани игіліктерді өндіру процесі. Игіліктер деп қажеттіліктерді қанағаттандыратын заттарды айтамыз.

     Өндіріс үш элементтің – адам еңбегі, еңбек заты және еңбек құралдарының өзара әрекеті арқасында жүзеге асырылады. Оларды еңбек процесінің қарапайым жақтары деп атайды. Осы жағдайды ескере отырып, К. Маркс былай жазған: « Қоғамдық өндіріс түрлері қандай болмасын, жұмысшы мен өндіріс құрал-жабдығы үнемі оның факторы болып қалады».

    Еңбек – бұл адамдардың материалдары, рухани игіліктердің өндірілуі мен қызмет көрсетуіне байланысты мақсатты, нәтижелі қызметі.

    Еңбек заты – адамның дайын өнім өндіру мақсатында өз еңбегі арқылы әсер ететін зат.

    Еңбек құралдары – бұл адамның еңбек затына әсер ететін қаруы.

    Игіліктер өндірісі, біріншіден, адам мен табиғаттың қарым-қатынасын, екіншіден, өз шаруашылық қызметтер барысындағы адамдардың өзара қарым-қатынастарын бейнелейді. Өзара қарым-қатынастың бірінші типін өндіргіш күштер деп, ал екіншісін экономикалық қарым-қатынастар деп атаймыз.

     Өндіргіш күштер– бұл қоғамдық өндірістіңжеке және заттық факторларының өзара әрекеті, адам мен табиғат қатынасының шешуші, белсенді элементтері. 

     Өндіріс – пайдалы өнім шығару процесі. Бұл-бастапқы саты. Оның қоғамдық өнімнің қозғалысындағы орнына қарай экономистер әр түрлі бағыттар ұстанады. Біреулері  бұл саты шешуші мағынағы ие дейді, себебі, егер материалдар және рухани игіліктер өндірілмесе, нені бөліп, айырбастап және тұтынар еді.

     Бөлу – өндірілген өнімдегі әр адамның үлесін анықтауды білдіреді.

     Айырбас – бұл бір өнімнің басқа өнімге айырбасталу процесі. Бөлу мен айырбас органикалық түрде өндіріспен байланысты, олар бір тізбектің бөліктері болып табылады. Бөлу мен айырбас өндіріс пен тұтыну арасын жалғайды.

      Тұтыну – адамның қажеттіліктерін өтеуі үшін өндірілген игіліктерді қолдану. Тұтыну өнімді пайдаланудың тәмамдаушы кезеңі болып табылады.

      Тұтыну екі сипатта: өндірістік және өндірістік емес болуы мүмкін. Өндірістік тұтыну дегеніміз – өндіріс процесінде құрал-жабдықтары мен жұмысшы күшін пайдалану.

    Өндірістік емес тұтыну жеке және қоғамдық болып екіге бөлінеді.

Жеке тұтыну – бұл адамдардың тамаққа, киімге, білім, демалысқа және т.б. қажеттіліктерін қанағаттандыру.

       Қоғамдық тұтыну– қоғамның ғылымға, білімге, мәдениетке, басқаруға, қорғанысқа және т.б. қажеттіліктерін қанағаттандыру.

     Ұдайы өндіріс – бұл өндіріс процесінің қайталануы.

Ұдайы өндірістің екі типі бар:  жай ұдайы өндіріс және ұлғаймалы ұдайы өндіріс.

Жай ұдайы өндіріс - өндіріс процесінің алғашқы ауқымда қайталануы.

Ұлғаймалы ұдайы өндіріс - өндіріс процесінің көбейтілген ауқымда қайталануы. Ол өзі үшке бөлінеді: интенсивті, экстенсивті, аралас.

1.     Экстенсивті өндіріс - факторлардың сан жағынан молаюы  арқылы дамиды.

2.     Интенсивті өндіріс – техника мен  технологияны жетілдіру  нәтижесінде  дамиды.

3.     Аралас - өндіріс факторлардың сан жағынан молаюы және техника мен технологияны жетілдіру нәтижесінде дамиды.

2.  Негізгі өндірістік факторлар .

Экономикалық теорияда өндірістің мүмкіндігі мен нәтижелілігіне шешуші әсер ететін ерекше маңызды элемент, немесе объекті, өндіріс факторлары деп атайды. Өнім өндіруде пайдаланылатын осындай факторлар өте көп болды. Және әр жекелеген өнімді өндіруге икемделген өзіндік факторлар болады..

        Қазіргі кезде экономикалық теорияда төрт өндірістік факторлар көрсетіледі: жер, еңбек, капитал, кәсіпкерлік қабілет. 

1. Өндірістік факторлар ретінде жер  екі жағынан қаралады:

Ø жер беті ретінде

Ø экономикалық мақсатта пайдалануға қажетті табиғи игілік ретінде

2.     Капитал:

Ø Өндіріс факторы ретінде және  қаржы ретінде пайдалануға болады.

Ø Өндіріс факторы ретінде капитал өндіріс құралдарын сипаттайды. Мұнда ұзақ уақыт пайдаланылатын өндіріс құралдары (машина, құралдар) жер қысқа мерзім пайдаланылатын өндіріс құралдары (шикізат, энергия қуаты, жол байланыс қызметі)

 

 Бекіту сұрақтары:

 

1.Өндіріс түсінігі

2. Өндіріс үш элементтен тұрады

3. Өндірістік емес тұтыну екіге бөлінеді

4. Ұдайы өндірістің екі типі

5. Негізгі өндірістік факторлар

 

Презентация

 

СӨЖ