№5 тақырып: Құтырық ауруы, анықтау, емдеу және күресу шаралары.

Пән: Эпизоотология

№5 тақырып: Құтырық ауруы, анықтау, емдеу және күресу шаралары.     

      Мақсаты: Диагностикалық әдістерін және симптомдарын, эпизоотологиясын, этилогиясын оқу.

     Жоспар: 1. Құтырық ауруының  анықтамасы..Ауру кезіндегі індеттік ерекшіліктері.

                      2.Клиникалық белгілері,патологоанатомиялық өзгерістері,Иммунитет.

                      3.Алдын ала сақтау шаралары және күресу шаралары.

1. Құтырық (Rabies,бешенство)- орталық жүйке жүйесін зақымдап, шашыранды полиэнцефаломиелит арқылы ерекшеленетін, жіті өтетін жұқпалы ауру.

      Этиология Қоздырушысы рабдовирустар тұқымдастығының лиссавирустар туыстастығына жатады.Барлық рабдовирустар секілді оқ пішінді.Вириондарының ұзындығы 180 нм,көлденеңі 75-80 нм. Өсіп келе жатқан тауық және үйрек эмбриондарында,кейбір торшалардың өсінінде өсіруге болады.

       Төзімділігі. Құтырық вирусы 60 С кезінде 10 минут өткенде, 100 С-та бірден белсенділігін жояды.Төменгі температураға төзімді  болады да, тоңазытылып қатырылған мида айлап сақталады.Шіри бастаған материалда 2-3 апта бойы тіршілігін жоймайды.Қолданылып жүрген дезинфектантардың кәдуілгі концентрациясы: 1-2% лизол ертіндісі, 2-3% сілтілер, формалин және хлорамин вирусты тез арада белсенділігінен айырады.

       Індеттік ерекшіліктері.Құтырықпен барлық жылы қанды үй және жабайы жануарлар,сонымен бірге адам да ауырады.Ит тектестер (түлкі, қасқыр,қорқау қасқыр,енот тәрізді ит),сусур тектестер,жарғант,кемірушілердің көптеген түрлері және үй мысығы аса бейім.Бұлардан адам мен төтрт түлік малдың бейімділігі төмен,ал құстардың бейімділігі өте төмен.Жас жануарлар ересектерінен гөрі құтырық вирусына сезімтал келеді.Құтырық табиғи ошақты жұқпалы аурулардың қатарына жатады.Құтырық түлкі, қасқыр,қарсақ және иттерге бір-бірінен тістеген сәтте жұғады.Ал алиментарлық жолмен жұғуының індет тудырарлықтай маңызы түпкілікті айқындалған жоқ.

      Дерттенуі.Вирус денеге түскен соң аз уақыт енген жерінде сақталады да, жүйке талшықтары арқылы орталық жүйке жүйесі бағытында алдымен жұлынға,соңынан миға өтеді.Қоздырушының мидың сұр затында өсіп-өнуі іріңсіз шашыранды энцефалиттің өрбуіне әкеп соғады.Мидан вирус қайтадан орталықтан кері бағытта сілекей бездеріне келіп түседі. Онда жүйке түйіндерінде көбейе келіп,жүйке торшалары бүлінген кезде вирус бездің түтігіне өтіп, сілекеймен араласады.Мидан қоздырушы сонымен қатар көздің тор қабаты мен мүйіз қабатына, бүйрек үсті безіне жетеді,бәлкім оларда да өсіп өнеді. 

             2. Клиникалық белгілері. Жасырын кезеңі бірнеше күннен бір жылға дейін, кейде одан да артыққа созылады, әдетте 2-3 апта аралығындай болады. Оның ұзақтығы құтырған жыртқыштың тісінен болған жарақаттың шамасы мен түскен орнына, вирустың мөлшері мен уыттылығына , таланған малдың төзімділігіне байланысты. Инкубациялық кезең жас төлде ересек малға қарағанда әдетте қысқарақ болады.

            Құтырық жіті өтетін ауру. Әртүрлі жануарларда оның клиникалық белгілері ұқсас болады, әсіресе иттің құтыруы жан – жақты зерттелген. Итте құтырық өршіген және бәсең түрде өтеді.

            Өршіген құтырықтың 3 кезеңі болады: біліне бастаған, көтерілген және дел- сал. Біліне бастаған кезең 12 сағаттан 3 тәулікке дейін созылады, бұл кезде жануардың мінезінің өзгеруі байқалады. Ит көңілсіз, немқұрайлы болып қараңғы бұрышқа немесе үйшігіне тығылады, иесінің шақыруына ықлас білдірмейді. Кей жағдайда иесіне тым еркелеп, қолын, бетін жалауға тырысады. Бұл кезде иттің сілекейінде вирус болғандықтан, өте сақ болған жөн. Біртіндеп ит мазасызданып, тез шошынып, ызақорланады, орынсыз жүгіре береді. Есінің ауысқан белгілері біліне бастайды: бұрыннан үйреншікті нәрселерге ызалана үріп, аузымен ауаны қабады (шыбын ұстағандай). Тәбеті бұзылып үйреншікті тамақты жемей, ағаш, шүберек сияқты заттарды жей бастайды. Кейде таланған жері өте қышынып, оны жалап, үйкеп, тіпті тістелей бастайды. Біліне бастаған кезеңнің соңында жұтқыншақ бұлшық еттерінің салдануы нәтижесінде жануар жұтына алмай, бір нәрсеге қақалғандай әсер туғызады. Сілекейі ағып, үргенде дауысы қырылдап, ұли береді. Иттің кенеттен өшпенділігі артып, орынсыз басқа жануарларға, адамға, тіпті өз иесіне де ұмтылуы мүмкін.Бұл белгілер аурудың көтерілген кезеңі басталғанын көрсетеді. Бұл кезең 3-4 күнге созылады. Иттің қорқыныш сезімі жоғалып, шынжырын тістеп, бұлқынып, үзіп кетуге тырысады, босанып алса кісіге шауып, бет алды жүгіріп, қашып кетеді. Құтырған ит бір күн ішінде ондаған шақырым қашықтыққа жүгіріп, кездескен мал мен адамға шабады. Ұмтылған кезде үрмей, үндемей қабады. Егер ит торға қамалса, онда темір шыбықтарды тісінің сынғанына қарамастап тістеп, әлсіреп құлағанша бұлқына береді. Кез-келген сыртқы әсер елірменің қайтадан ұстауына әкеп соғады. Бұдан кейін әлі бітіп құлайды. Біртіндеп бұлшық еттері жансызданып, аурудың үшінші, дел-сал кезеңі басталады.

            Дел-сал кезең 1-4 күнге созылады. Бұлшық еттерінің салдануы нәтижесінде дыбысы мүлдем өшіп ( афония), жағы салақтап, көзі шапыраштанады. Артқы аяғы басуға келмей, сүйретіліп, кейіннен тұла бойы еттері мен алдыңгы аяқтары да салданып, ит мүлдем қимылсыз қалады. Аурудың жалпы ұзақтығы 8-11 күнге созылады, кейде жануар 3-4 күн ішінде өліп кетеді.

            Паталогоанатомиялық өзгерістері. Өлексені сырттай қарағанда арықтағаны, тістелінген, үйкелген орындары көрінеді. Басындағы мойнындағы жүндері сілекейленген. Сойып қарағанда ішкі ағзаларында қан іркілген. Қарны бос ет қоректі жануарлардың қарнында жеуге жарамсыз заттар болады. Күйіс қайтаратын жануарлардың дүңгіршек және жалбыршақ қарнындарында тығызданған жын болады. Кейде қарын мен ішектің кілегейлі қабықтары қабынып, кей жерлері қанталаған. Ми мен ми қабақтары домбығып әр жерінде қанталаған өте үсақ нүктелер кездеседі.

            Мида шашыранды іріңсіз энцефалитке тән мынандай гистологиялық өзгерістер: гиперемия, қан тамыры маңындағы ұсақ қанталаулар, мезенхима элементтерінің көбеюі ұшырасады. Диагноз қою үшін нейрондардың цитоплазмасында Бабеш- Негри денешіктерін табудың маңызы зор.

            Балау. Алдын-ала диагнос індеттік және клиникалық белгілері бойынша қойылады. Осы жердегі және көршілес территориядағы індеттік жағдай ескеріледі. Анамнезі бойынша құтырған немесе күдікті жабайы жыртқыштар мен иттің қапқаны немесе жанасқаны анықталады. Клиникалық белгілерінің ең маңыздысы – ешбір себепсіз өшпенділік білдіруі, денесінің салдануы. Клиникалық--  індеттанулық  диагнос адамдар мен жануарларға ауру жұғуын сақтандыратын жедел шаралар жүргізуге негіз болады, бірақ оны лабораториялық зерттеу арқылы түпкілікті анықтау керек.

            Иммунитет. Құтырған жануар іс жүзінде қайта қатарға қосылмайды, ауруға қарсы жасанды берсенді иммунитет тудырудың  практикалық маңызы аса зор. Сонымен қатар имунді қан сарысуы арқылы құтырық вирусіне қарсы енжар иммунитет қалыптастыруға да болады.

            Ит пен мысықты құтырыққа қарсы егу үшін қойдың миынан даярланған құрғақ антирабикалық фенол вакцинаны қолданады. Бірақ бұл вакцинаның иммуногендік күші басқа жануарлар үшін әлсіз. Ауыл шаруашылық малдарын, әсіресе сиырды егу үшін осы препараттың біршама жетілдірілген түрі АЗВМ антирабикалық тірі вакцинасы пайдаланылады. Сонғы кезде өлтірілген өсінді вакциналар шағарыла бастады.

3. Алдын-алу және күресу шаралары. Құтырықтың алдын алу үшін бірнеше мамандық иелерінің, тұрғындар мен әкімшіліктің үйлестірілген іс - әрекеттері қажет. Барлық иттерді есепке алып, иесіз жануарларды жою керек. Иттер жыл сайын егіліп, егілмеген иттерді аң аулауға, күзетке, мал бағуға пайдалануға тиым салынады. Аңшылық және орман шаруашылығының қызметкерлері жабайы аңдардың арасында құтырыққа күдік тудыратын жағдай болса, ветеринария мекемелеріне хабарлауы, өлген жыртқыштардың өлексесін лабораторияға тексеруге жеткізуі керек. Жабайы жыртқыштардың санын реттеп, шектен тыс көбеюіне жол бермей, артығын атып отыру қажет. Дүние жүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне қарағанда түлкінің орналасу тығыздығы 10 км2 жерге 1-2-ден асырмай шектегенде құтырықтың таралуы тоқталады.

            Үй жануарларын құтырықтан сақтандыру шаралары оларға жабайы жыртқыштардың шабуына жол бермеу, күзет үшін егілген иттерді ғана пайдалану болып табылады. Құтырықтың табиғи ошақтары бар жерде жайылымда бағылатын ірі қараны бұл ауруға қарсы егу керек.

            Ауырған жануар тұрған қора-жай 10% күйдіргіш натриймен, немесе 4% формальдегидпен дезинфекцияланады. Арзанқол күту жабдықтары, жем-шөп қалдықтары, көң өртелінеді. Жануарлардың бөлінділерімен ластанған топырақ құрғақ хлорлы әкпен араластырылып қопсытылады да, дезинфекциялаушы ерітінді құйылады.

            Аурудан сау емес мал отарлары мен табындары тұрақты бақылауда болып күніне 3 рет ветеринариялық тексеруден өтеді. Ауру жұқтыру қаупі бар бағалы жануарларды ( таланған немесе ауру жануарлармен жанасқан) егуге рұқсат етіледі. Мұндай жануарлар 60 күн бойы  оқшауланып, бақылауда болады. Ауру белгісі жоқ малды союға рұқсат етіледі. Ондай малды шаруашылықтың өзінде сойып, етін жалпы ережеге сәйкес пайдаланады. Клиникалық тұрғыдан сау сиырдың сүті қайнатқаннан немесе пастерлегеннен соң пайдаланылады. Құтырықтың шығуына байланысты енгізілген барлық шектеу шаралары ең соңғы ауырған жануар өлгеннен немесе сауыққаннан соң 2 ай өткеннен кейін алынады.

Емі. Құтырған жануарды емдемейді, тез арада өлтіреді, өйткені оның адамға ауру жұқтыру қаупі зор.

 

Бақылау сұрақтары.

  1. Құтырық ауруына сипаттама беріңіз?
  2. Құтырық ауруына қоздырғышын атаңыз?
  3. Құтырық ауруына негізгі клиникалық белгілерін атаңыз?
  4. Ауру қандай жолдар механизмі арқылы жұғады?
  5. Ауру қандай формада өтеді?
  6. Құтырық ауруына қандай аурулардан ажырату қажет?
  7. Құтырық ауруына патогенезі қандай?

 

Кестемен жұмыс:

Құтырық ауруының клиникалық белгілерін әр түрлі жануарларда өтуін сипаттаңыз?

Құтырық ауруын қандай аурулардан ажырату қажет?

 

Ауру қандай формада

 өтеді, жұғу жолдары

 қандай?

 

Алдын-алу шаралары қалай жүргізіледі?

 

 

Емі.

 

 

Ірі қарада-

 

 

 

 

 

 

 

Қой мен ешкі-

 

 

 

 

 

 

 

Иттерде-