№4.Ауылшаруашылық малдарының азығы мен азықтандырылуының санитарлық –гигиеналық ерекшеліктері

Тобы:3ВС-4,3ВФ-9,3ВФ-11

Пәні:Зоогигиена

Тақырыбы: Ауылшаруашылық малдарының азығы мен азықтандырылуының санитарлық –гигиеналық ерекшеліктері

Азық сапасы мен құндылығын бақылау малдәрігері мен зооинженердің міндетіне енеді. Мал мен құсты құнды әрі сапалы азықпен қамтамасыз ету сапасыз азықпен азықтандыру және азықтандырудың тәртібі мен ережелерінің бұзылуы нәтижесінде пайда болатын асқорыту мүшелерінің, орталық жүйке жүйесі мен жүрек қантамыр жүйесінің ауруларының алдын алу үшін негіз болып табылады.

Тәжірибелік жұмыс №2.Қатаң азықтарды зоогигиеналық бағалау

Жұмыстың мақсаты :

1)  қатаң азықтардың сапалық бағалау әдістермен танысу.

2)     қатаң          азықтардың            сапасын           зертханалық            және органолептикалық бағалауды жүргізу.

3)     кестелер және гербарийлерді пайдалана отырып, улы және зиянды өсімдіктерді анықтау.

Қатаң азықтың орта сынамасын алу

Шөп пен сабанның орта сынамасын жануарларды азықтандырардан бұрын, 10 күннен кешіктірмей алады. Жаншылмаған шөптің бір реттік сынамасын (әрбір жерден 200-250 г) қолмен немесе сынама алғыш құралмен алады. Салмағы 25 т жаншылмаған шөптің партиясынан 20 бір реттік сынама, әрбір 5 т – 4 бір реттік сынама алады. Жаншылған шөп партиясынан теңнің 3 % сынама алады. Әрбір таңдалып алынған жаншылған шөп теңінен бір реттік сынамалар алады. Ол үшін теңнен сымды немесе жіпті шешеді, содан соң байқап, шөптердің жарылып, қиқымдалмауы үшін және әрбір теңнен бір қабат алады: бірінші теңнің - үстіңгі қабатын, екіншінің – келесі қабатын және т.с.с. Жалпы сынама салмағы жағынан біршама үлкен болуы мүмкін. Мұндай жағдайда шөп немесе сабанның орта сынамасын алу үшін, барлық бір реттік сынамаларды 2х2 м көлеміндегі брезентке орналастырып, біріктіреді, және өсімдіктер сынуын және қиқым түзілуін болдырмай байқап араластырады. Содан соң талдау үшін салмағы 1 кг кем болмайтын үлгі алады, ол үшін кем дегенде 10 әртүрлі жерден брезентте араласқан  шөптен   90–100  г  болатын  шоқтар  алады.  Мұнда араластыру кезінде пайда болған қиқымды және өсімдіктердің ұсақ бөліктерін де орта сынамаға қосады .

Шөп немесе сабанның орта сынамасын тығыз қағазға өсімдіктерді сындырып алмау үшін орайды, шаруашылықты, ауданды, облысты, егістік және учаске нөмірлерін, шөптердің ботаникалық құрамын, олардың өсіп-өну фазасын, шабу мерзімін, дайындау технологиясы және сақтау тәсілін, мая (қойманың) нөмірлерін, сынама алу мерзімін көрсетіп, этикетка жапсырады. Этикеткада сынамаларды дайындау, сақтау және алынуына жауапты адамдардың қолдары қойылуы тиісті.


Қатаң азықтарды органолептикалық талдау

Шөп пен сабанның біркелкілігін көзбен болжап анықтайды, оның ботаникалық құрамына назар аударады. Астық тұқымдастардың негізгі ерекшеліктері: сабағы - қуыс, түйіндермен жабдықталған, жапырақтары тар, ұзынша, гүлдері масақ немесе сыпртқы түрінде болады. Бұршақты өсімдіктер жуан бұтақталған сабақты, ұсақ қысқа жапырақты болады. Жеуге жарамсыз өсімдіктердің (сарықалуен, қамыс, зығырлық шайқурай, мүктер, қияқөлең, жусан, папоротниктер, қымыздық, қырықбуындар) болуына назар аударады. Улы және зиянды шөптердің болуын анықтау (гербарий бойынша) ерекше маңызға ие.

Ылғалдылықты шөпті немесе сабанды ширатып орау арқылы анықтайды. Құрғақ шөп (ылғалдылығы 15-16 %) ширатып орау кезінде шытырлайды, қолмен оның қаттылығы сезіледі, бүктеп, жазғанда шоқ сынады. 17% ылғалдылықты шөп ширатып орау кезінде ешқандай дыбыс шығармайды және қолға жұмсақ көрінеді. Оны ары қарай ширатып орау оның жарылуына соқпайды. Ылғалдылығы 20 % дейінгі шөп ширатып орау кезінде дыбыс шығармайды және сонымен қатар ұстағанда салқын болып сеізледі. Мұндай шөп дымқылға жатады. 20 % көбірек ылғал болған кезде ол ширатылған шоқ бетінде көрінеді.

Сабан ылғал мөлшері 14 % көп емес болғанда құрғақ деп есептеледі. Орташа құрғақ сабанда ылғал 14 тен 15 % дейін болады. Ылғалдылығы 16 дан 20 % сабан дымқыл деп саналады. 20 % жоғары ылғалды сабан дым болып табылады.

Шөптің түсі жинау мен сақтаудың дұрыстығын көрсетеді. Дұрыс жиналған шөптің түсі әдетте әртүрлі реңді жасыл болады: астық тұқымдастарда – сұр реңді, бидайықты, селеулі – көкшіл-сары, жоңышқалы – жарқын түсті, жасыл. Қышқыл астық тұқымдастардан (қияқөлең) тұратын шөптің түсі қою жасыл болады. Шөпті дер кезінде жинамағанда, кептірмегенде және дұрыс сақтамағанда оның түсі мен қоректік құндылығы жоғалады. Шөптің ақ түсі шабылған шөптің шөмеледе күнде ұзақ жатып қалғандығын көрсетеді. Мұндай шөпте көптеген қоректік заттар (әсіресе дәрумендер) жойылады. Ашық-сары түс жинау кезінде жаңбырдың астында қалып қойған шөпке тән. Жарқын-сары түс су тиген шөпте маяда сақтағанда болады. Оның әдетте борсыған иісі болады. Күңгірт -сары, қоңыр, күңгірт түс бұзыла бастаған, шіріген шөпте болады. Әдетте маялардың үстіңгі қабатында кездеседі.

Сабанның түсі өсімдік түріне, жинау және сақтау шарттарына байланысты. Сапалы бидай, қара бидай, арпа және сұлы сабаны ашық

–сары түсті қоңыр түсті түйіндерімен; тары сабаны жасылдан күңгірт- жасыл түске дейін боялған күңгірт-қоңыр түсті түйіндерімен болады. Сапалы сабанның өзіне тән жылтыры болады.

Иісі. Құрғақ жаңадан жиналған шөптің арнайы, өзіне тән хош иісі болады. Кейде шөп иісі онда хош иісті шөптердің: хош иісті сиыржоңышқа, түйежоңышқа, жусан қоспасы болуы байланысты. Сазды шөпте иіс болмайды. Шөпті ұзақ сақтағанда, жаңбыр астында жатып қалғанда, тамырымен артық тұрып қалғанда иісі жоғалады. Шөптің иісі сақтау шарттарының бұзылуы кезінде өзгереді. Дымқыл шөп сақтау барысында қызады да, пісірілген нан иісіне ие болады, бұдан кейін көгереді және өңез иісі шығады. Шіріп кеткен шөп топырақты шірік иісті болады.Иісін дәл анықтау үшін зерттелетін шөптің аздаған үлесін (20 г) ұсақтап турап, стаканға салады да ыстық (600) су құяды. Стаканды шынымен жауып, 2-3 минутқа қалдырады. Кейіннен иісін анықтайды.

Әрбір түрдің сапалы шөбі көгерген, борсыған иіссіз, химиялық қосылыстарсыз өзгеше иісімен ерекшеленеді.

Қатты азықтарды зертханалық талдау

Жеуге жарамсыз қоспасын анықтау. Шөптің жеуге жарамсыз бөлігіне қатты өсімдіктер, бүлінген шөп, шөп-шалаң қоспалары – арамшөптердің тұқымдары, құм, шаң жатады. Шөп-шалаң қоспасын анықтау үшін шөп үлгісін өсімдіктерді сындырмай, 1 г дәлдікпен абаайлап өлшейді. Өлшенген үлгіні тығыз қағазға қағады. Өсімдіктердің 2-3 см болатын кішкентай бөлшектерін қолмен таңдап, жеуге жарайтын бөлімге қосады. Қалғанын диаметрі 3 мм дөңгелек тесікті елеуішпен қағазға елейді.

Елеуіштен өткен сазды бөлшектерден, құмнан және ұсақталған өсімдік бөлшектерінен құрылған шөп-шалаң қоспасын 0,1 г дейінгі дәлдікпен техникалық таразыда өлшейді және осы қоспаны анықтауға алынған үлгі салмағына % көрсетеді.

Қоспасы 3 % жоғары болса, шөп классыз деп есептеледі, шөп- шалаң қоспасы 1-3 % болған кезде класс шөп классты, ал 10 % көбірек мөлшерде болса шөп жеуге жарамсыз деп танылып, бракка шығарылады.

Шөпті ботаникалық талдау. Шөп шалаңнан арылтқаннан кейінгі қалған үлгінің 100 – 300 г мөлшеріндегі (шөптің ірілігіне байланысты) бөлігін келесі топтарға ажыратады: 1) астық тұқымдас өсімдіктер; 2) бұршақты өсімдіктер; 3) басқа да жеуге жарамды шөптер; жеуге жарамсыз шөптер; улы және зиянды өсімдіктер (қосымша 11).

Өсімдіктердің әрбір тобын жеке өлшеп, үлес салмағына % көрсетеді. Шөптің ботаникалық құрамын біле отырып, оның типін, тип тармағы мен классын анықтауға болады.

Барлық типтер мен класстар шөптерінде улы және зиянды шөптер 1%, мұнда улы шөптердің жеке шоқтары 200 г, ал зиянды өсімдіктер 500 г аспауы қажет.

Сабанның ластығын анықтау. Сабандағы арамшөп және улы шөптерді анықтау үшін 100-300 г сабан сынамасын топтарға – таза сабан, арамшөптер, қатты және жеуге жарамсыз шөптер, зиянды және улы шөптер деп бөледі. Әрбір фракция 0,1 г дәлдікпен өлшенеді және жалпы салмағына % көрсетіледі. Сабанда зиянды және улы шөптердің мөлшері 1 % көбірек немесе шоқтық улы шөптердің салмағы 0,2 кг жоғары болса, сабан азықтандыруға жарамсыз деп танылады. Сонымен қатар, 10 % көбі шірік, көгерген, мұз қатқан қоспасы бар сабан сапасыз деп есептеледі.

Шөп пен сабанның шаңдылығын анықтау. Сапалы шөпті және сабанды қағу кезінде шаң әзер көрінетін болады. Шаңның болуы мен мөлшерін су сығындысы бойынша анықтауға болады. Ол үшін стаканға 100 мл дистиллденген құяды да, ұсақ туралған 10 г шөп немесе сабан салып, стаканды сәл шайқайды. Лайланудың байқалуы және оның дәрежесі шаңның бары және оның сандық мөлшері туралы білдіреді.

Тұздар мөлшерін анықтау. Шөптің жақсы сақталуы және желінуі үшін кейбір шаруашылықтарда маялағанда шөпке тұз себеді. Оның шөпте болуы азотқышқылды күміспен сынама жасалып анықталады. 10 г ұсақталған шөпті колбаға орналастырады да, хлоридтері жоқ 50-

100 мл дистиллденген су құяды және 2 минут шайқайды. Осыдан кейін сығындыны тұндырып, сүзеді. Азотқышқылды күміс ерітіндісінің 5-6 тамшысын 10 мл фильтратқа қосады. Хлорлы күмістің ақ тұнбасы байқалуы шөпте тұз барын көрсетеді.

 

         Кестемен жұмыс