Ашық механикалық жарақаттар

Жоспар

1.      Ашық механикалық жарақаттар анықтамасы

2.      Ашық механикалық жарақаттың түрлері

3.      Ашық механикалық жарақатты емдеу тәсілдері мен түрлері

Ашық механикалық жарақаттар – сыртқы ортаның механикалық күштерінің әсерінен терінің, кілегей қабықтардың морфологиялық бүтіндігінің және қызметінің бұзылуымен сипатталады. Оны кейде «жара» деп атау қалыптасқан. Оның белгілері —терінің, кілегей қабықтардың бүтіндігінің бұзылуы, ауырсыну, қабырғасының ажырауы, қан ағу, қабыну және қызметін толық атқара алмау. Бұл жарақаттың ең жеңілі - терінің эпидермисінің жарақаттануы – сызат деп аталады. Оны кейде жырылу, тырналу дейді. Жарақаттың жиегі, қабырғасы, түбі және қуысы болады. Жиегі тері немесе кілегей қабықтан, қабырғасы - борпылдақ дәнекер ұлпадан, шандырдан, бұлшық етттерден тұрады. Түбі бұлшық еттен немесе сіңірден, сүйектен тұрады. Анатомиялық табиғи қуысқа бөгде заттардың енуінен пайда болған жарақатты қуысқа енген жарақат, ал жарақат дененің белгілі бір жерін тесіп өтіп, оның кірер және шығар аузы болса оны тесілген жарақат дейді.

Ашық механикалық жарақаттың түрлері. Ол үш түрге бөлінеді — операциялық, кездейсоқ және соғыс жарақаттары.

Операциялық жарақаттар малға әр түрлі операция жасағанда; пішу, жарыққа операция жасау және абсцесс, флегмона тағы сол сияқты инфекциялық процесстерді тіліп өндегенде пайда болады. Кездейсоқ жарақаттар байқаусызда соғылу, жығылу, қысылу тағы басқа жағдайларда болатын жарақаттар. Олардың түрлері — түйрелген, шабылған, тілінген, соғылған, жыртылған, тістелген, жаншылған жарақаттар. Соғыс жарақаттарына оқ, жарылғыш заттардың сынықтары тиюден пайда болады.

Тілінген (кесілген) жарақат (vulnus incisium). Өткір заттармен: пышақ, скальпель, ұстара, әйнектің сынығы т.б. жараланғанда болады. Мұндай жарақаттың аузы ашылып тұрады, қан ағады, тілінуден пайда болғандықтан жиектері түзу, жарақат айналасындағы ұлпалар көп жарақатталмаған. Бұл жарақаттар көбіне асқынбай қысқа уақытта жазылады.

Түйрелген жарақат (vulnus punctum). Ол үшкір заттармен (шеге, ағаш бұтағы, сым темір, біз т.б.) жарақаттанғанда пайда болады. Бұл заттар денеге ұлпаларды ығыстырып көп жарақаттамай енеді. Жарақаттың ауызы тар, тез бітеліп қалады да қан көп ақпайды. Бірақ анаэробты инфекция дамуы мүмкін. Терең жатқан ірі қан тамырлары жарақаттанып гематома пайда болуы да ықтимал.

Шабылған жарақат (vulnus caesum). Себептері — балта, қылыш, күрек тағы сол сияқты ауыр және өткір заттардың әсерінен пайда болады. Тілінген жараға қарағаңда ұлпалар көбірек жарақаттанады, тереңдігі сүйекке дейін жетіп, кейде дененің шабылған бөлшегі салбырап тұрады.

Мыжылған, жаншылған жарақат  (vulnus contusum). - жұмыр заттардың әсерінен, мысалы балғамен, таспен ұрылғанда, мал тұяғымен тепкенде пайда болады. Мұндай жарақаттың айналасыңдағы тері, ұлпалар қоса зақымдалады. Сүйек сынуы да мүмкін. Бұл жарақат өте ауыр жарақат, мысалы мал ауыр машинаның, трактор немесе қораның құлаған қабырғаларының астында қалғанда пайда болады. Мұндай жарақат көлемді, еттері мыжылған, жаншылған, шеттері жыртылған. Қан көп ақпайды, айналасы қанталап тұрады. Жараланған жерде инфекция даму қаупі бар.

Жыртылған жарақат (vulnus laceratum). Жыртқыштардың тісінен, тырнағынан, ілгек темір, қармақ, бұтақ - шегелердің әсерінен пайда болады. Шаруашылықтарда малдар көбіне сырғасын торға және тағы басқа нәрселерге іліп алып, одан босану үшін қатты күшпен жұлқа тартып құлағын жыртып жарақаттауы кездеседі. Ал бұқа мен өгіз танауына енгізілген шығыршығын жұлқа тартып, танау пердесін жыртады. Мұңда тері, оның астыңдағы ұлпалар созылып жыртылады, жұлынады. Сондықтан бұл жарақаттадың пішіні, тереңдігі бірдей емес, кейде жыртылған терісі салбырап тұрады, қан көп ақпайды.

Тістелген жарақат (vulnus morsum). Малдардың, жыртқыштардың тістеуінен пайда болады.  Ұлпалардың тесілуі және жыртылуы да мүмкін. Тістелген жарқатқа микробтар енеді. Инфекциялық қабыну дамиды. Сол сияқты қауіпті жұқпалы аурулар (құтырық) жұғуы мұмкін. Басқа жарақаттарға қарағанда жазылуы ұзаққа созылады.

Уланған жарақат (vulnus venenatum et mixtum). Жарақаттың беті улы химиялық заттармен, радиоактивтік элементтермен ластанып, организмге қосымша зақымын тигізсе олар «миксты» деп аталады. Уланған жарақаттар жыланның, қарақұрт, шаянның шаққанынан да болады. Бұл жарқаттар өте қауіпті, сондықтан бұған жан - жақты хирургиялық және арнайы ем қолдану керек.

Түйдектелген (аралас) жарақаттар (vulnus com.). Бұл жарақаттарда жоғарыда айтылған екі - үш жарақат түрлері бірге кездеседі, мысалы ұрылған, соғылған және жыртылған. Мұндай жарақатқа соғылып - жыртылған жарақат жатады. Сол сияқты басқа да жарақаттардың араласқан түрлері кездеседі.

 Жарақаттардың келесі түріне соғыс жарақаттары жатады. Немесе оны атпа қару жарақаттары дейді. Ол денеге бытыра, оқ, жарқыншақ тиюінен пайда болатын жарақаттар. Мұнда соққының әсерімен тек сол оқ, жарқышақ тиген жерде жарақат пайда болып қоймай, оның айналасындағы ұлпалар да жарақаттанады. Бұл жарақаттың ерекшелігі — денеге оқпен бірге тереңге микробтар, әр түрлі бөгде заттар (жаңқа, құм, жүн т.б.) енуі мүмкін. Ғалым Борстың зерттеуі бойынша бұл жарақаттарда оның өзегінен сыртқа қарай 3 белдеу (зона) болады. Олардың жарақаттануы әр түрлі, соңдықтан ем қолданғанда осыны ескеру керек.

"Бірнші белдеу" - жарақат өзегі белдеуі. Бұған жарақаттың өзегі жатады. Оның қуысында жаншылған ұлпалар, бөгде заттар, микробтар, ұйыған қан болады.

"Екінші белдеу" - молекулярлық шайқалу немесе жартылай өліеттену. Бұл екінші белдеудің сыртқа қарай жалғасы болып келеді. Бұл жердегі ұлпалар өліеттенуге ұшырамайды, бірақ торша құрылымы өзгереді, ұлпа аралығы қанталайды, жүйкеленуі бұзылады. Кейіннен бұл ұлпалар жартылай өліеттену мүмкін.

Кейбір ғалымдар "үшінші белдеуді" да айырады. Ол ареактивтік белдеу. Мұнда қан тамырлары салдануы, жүйкелену жағынан өзгерістер, ұлпаның зақымдалуы байқалады. Бұл белдеу жарақаттанбаған ұлпалармен шектеседі.

Атпақару жарақатының айналасындағы терісі, еттері өлі еттеніп ісініп тұрады. Жақын жерден атқан оқтың күйген іздері, оқ дәрінің иісі қалады. Мұндай жарақаттың тесіп өткен түрлері кездеседі, оның кірер және шығар ауыздары болады. Кірер аузы дөңгелек, үш бұрышты, жұлдыз тәрізді болып, айналасындағы терісі ішіне бүктеледі.

Шығар аузы  жан - жағы жұлынып үлкен болады. Оқ немесе жарқыншақ денеге енгенде, үлпалардың тығыздығына қарай бағытын өзгертеді, сондықтан жарақат өзегі тура болмайды. Мұндай жарақаттарда сүйек сынуы, инфекция үрдісі дамуы мүмкін, сондықтан жазылу мерзімі ұзаққа созылады.

Пайда болу уақытына қарай және организмнің оған реакциясына байланысты жарақаттың төмендегі түрін айырады:

а) жаңа пайда болған жарақат - пайда болған уақытынан 24-36 сағатқа дейін;

б) ескі жарақат, 

в) асептикалық жарақат,

г) қабынып кеткен жарақат — қабынудың клиникалық белгілері айқын білінгенде;

 д) инфекциямен асқынған жарақат — ірінді инфекциямен немесе газды инфекциямен асқынғанда.

Ашық механикалық жарақаттың белгілері. Жарақаттарға тән белгілері: ауырсыну, қызметінің бұзылуы, қан ағу, қабырғасының ажырауы және жарақаттық қабыну.

Ауырсыну (dolor) организмінің табиғи қалыптасқан қажетті қасиетінің бірі. Жарақаттанып ауырсынудан мал қорғанып, сақтанады. Ауру процессінің ары қарай дамып асқынуына кедергі болады. Әрине қатты және ұзаққа созылған ауырсыну зияндығын да тигізеді. Ауырсыну жарақаттанудың алғашқы кезеңінде қатты білінеді, кейінірек басылыңқырайды, ал жарақат қабынса солқылдап ауырады.

Ауырсыну жараланған жердің жүйкеленуіне байланысты болады да , неғүрлым жүйкесі көп жер жараланса соғұрлым ауырсынуы қатты сезіледі. Ең аурушаң тері, оның ішінде тұяқ жұлығының терісі, сүйек тысы, ішперде.   Түріне қарай жануарлардың жарақатқа ауырсыну реакциясы әр түрлі болады. Мүйізді ірі қара малы жылқыға қарағанда жарақатқа төзімді келеді. Ит, шошқа, мысық өте сезімді болғандықтан, қатты жарақаттанғанда естен танып, кейде жарақаттық шокқа ұшырап өлуі де байқалады (жарақаттық шок туралы жарақаттың организмге жалпы әсері бөлімінде жан – жақты қарастырамыз).

Құстардың ауырсыну сезімі өте төмен. Ауырсыну организмге зияндық әсерін тигізеді. Ол жүрек – қан тамыры, тынысы алу, ас қорыту жүйелері қызметтеріне де кері әсер етеді. Сондықтан қатты және ұзақ ауырсыну организмге өте қатерлі, мал естен танып өліп кетуі де мүмкін. Осыны ескеріп алдын - ала шара қолданып, жарақаттан болатын ауырсынудың әсерін төмендеткен жөн.

Қызметінің бұзылуы (functio laessa). Жарақаттанған ұлпаның, ағзаның қызметі бұзылады. Ол толық немесе жартылай, уақытша, ал кейде өмір бойына бұзылуы мүмкін. Мысалы жарақаттанған тері уақытша қорғаныш қызметінен айрылса, ал сіңірі кесілген жануар өмір бойы ақсақ болып қалады. Қызметінің бұзылуы жарақаттың пайда болған жеріне және ауырлығына байланысты болады. Егер өмірге қауіпті жанды жерлер — бас, жұлын жарақаттанса малдың салдануы, өлуі мүмкін. Қимыл – тірек мүшесі жарақатса, мал ақсап жүре алмай қалады. Ал жеңіл - желпі және малға қатты әсерін тигізбейтін жарақаттарда дене мүшелерінің қызметінің бұзылуы айқын болмайды.

Жарақат қабырғасының ажырауы (hiatus). Бұл белгі тері астындағы бұлшық еттердің ұзынынан немесе көлденеңінен жарақаттануына байланысты аз немесе көп болуы мүмкін. Бұлшық еттер ұзынынан жараланғанда жарақаттың ауызы көп ажырамайды, ал көлденеңінде — ажырауы жақсы байқалады. Сол сияқты буын аймақтарында орналасқан жарақаттардың, қалың бұлшық ет жарақаттарының да аузы кең болады, жарақат қабырғасы жақсы ажырайды. Ауызы кең жарақаттардың ластануы көбірек болады, сондықтан жазылуы ұзаққа созылуы мүмкін. Мұндай жарақаттарды емдегенде жартылай тігіп жиектерін жақындату керек. Тесілген жарақаттарда жарақат қабырғасының ажырауы байқалмайды. Жарақат аузы тез бітеліп, анаэробты инфекцияның даму қаупі бар.

Механикалық жарақаттарың, оның ішінде ашық механикалық жарақаттың бір белгісі – жарақаттық қабыну (inflammatio). Бұл организмнің жарақаттқа жергілікті жауабы – реакциясы. Оны біз арнайы қарастырамыз.

Қан ағу (haemorrhagia). Ашық механикалық жарақаттың негізгі бір белгісі — қан ағу. Оның төмендегідей түрлерін ажыратады: сыртқы және ішкі, жараланған тамырларына қарай артериялық, веналық, капиллярлық, және аралас. Уақытына қарай алғашқы, қайталанған немесе қайта пайда болған қан ағу. Кейде аррозионды қан ағысты бөлек айтады. Мұнда қан қан тамыры қабырғасынан немесе бір мүшелердің сыртынан шым – шымдап шығып тұрады.

Уақытқа байланысты қанағуды алғашқы және қайталаған қан ағу деп бөледі. Жарақат пайда болған сәтте басталған қан ағуды алғашқы қан ағу дейді. Алғашқы қан ағу тоқтатқаннан кейін, жарақат қайта қанауы мүмкін. Ол қайталанған қан ағу делінеді. Қайталап қан ағудың өзі екі түрге бөлінеді. Біріншісі ерте қайталап қан ағу. Ол жараланғаннан кейін бірнеше сағат немесе екі тәулік ішінде пайда болады. Яғни қан түйіршіктерімен тамыр өзегі бітеліп қалып, қан тоқтағаннан кейін біраз уақыттан соң, қан қысымы көтерілгенде тығын орнынан қозғалып кетіп, қайталап қан ағу басталады. Ерте қайталап қан ағу жарақаттардағы микробтар жарақатты іріңдеткенде пайда болады. Ал қан ағудың кеш қайталап пайда болу себебінің бірі - жарақаттың іріңдеуі. Ірің қан тамырының өзегін балқытып жібергендіктен немесе тамырдың ішіндегі қан түйіршіктерінен пайда болған тромб балқып қайтадан қан ағу басталады. Кеш қайталап қан ағу операциядан кейін үшінші күні немесе бірнеше жетіден қейін басталуы мүмкін. Қайталап қанаудың себептері көп, солардың кейбірі:

а) операция кезінде жарақаттанған қан тамырының толық байланбауы;

е) қан қысымының күрт өзгеріп, жоғарылап кетуі;

б) қан ұюы жетіспегендіктен;

в) жарақаттардағы кұрғап, қатып қалған таңғышты қалай болса солай жұлып алу;

г) жарақаттанған қан тамырына тұрған тромбтың жарақаттарға анаэробтық микробтардың енуі салдарынан іруі, шіруі, езілуі;

ж) жарақаттың ішінде бөгде заттар: тас, темір, ағаш қалуы және олар қан тамырының қабырғасын тесіп жіберуі.

Қайталап қан ағудың бір түрі  - септикалық қан ағу. Организм сепсиске ұшыраған жағдайда кездеседі. Оған себеп — қан тамырларының дегенерацияға ұшырауы, вазо - конструкторлардың жартылай салдануы (парез), организмде тромбокиназа қорытылуының азаюы.

Дене сыртына аққан қанды сыртқы қан ағу дейді. Қан ағудың сыртқы түрін анықтау қиын емес. Ағып тұрған қанды көрген мал дәрігері қай қан тамырының жарақатқа ұшырағанын біледі. Сыртқы қан ағу жараланған сәтте пайда болып, дененің сыртына ағып, көзге айқын көрінеді.

Ал қан ағудың ішкі, әсіресе жасырын түрін анықтау оңайға түспейді. Ішкі жасырын қан ағудың сырт белгісі болмайды да, қанап тұрған тамырды болжап білу, анықтау қиын. Ішкі қан ағу дененің сыртынан қарағанда көрінбейді. Қан ұлпа арасына, дененің табиғи қуыстарына (буын, кеуде, құрсақ т.б.) жиналады, сондықтан оларды ұлпа аралық және қуысқа қан ағу деп бөледі. Егер қан буын қуысына ағып жиналса оны гемартроз, кеуде (көкірек) қуысына жиналса оны гематоракс деп қуыстың атына сәйкес атайды. Пальпация жасап, басып көргенде, анықтауға болатын жерлерге қан құйылған, сол жердің көлемі ұлғайып, ісік пайда болады - мұны гематома дейді. Көлеміне байланысты гематоманың бірнеше түрі болады. Терінің әр жерінде нүкте сияқты құйылған қанды - петехия, тері жолақтарын, қан едәуір мөлшерде құйылып көгерген жерді — экхимоз, көлемділеу жайылып, шеттері көрінбейтін белгісіз құйылуды — суггилат деп атайды. Гематома үлкен болса, ол астында қалған қан тамырын басып, қысып тастайды, содан қан жүрмей қалады да, сол ісіктің төменгі жағын басып қараса, тамыр соғуы жоғалып кетеді. Қан ісігінің бетіндегі тері не көгереді, не бозарып, сүп- суық болып тұрады. Қан ісігі бар жердегі зардап қатты болғандықтан ауру мал шыдай алмай ыңқылдап жатады.

Қан ісігі жараланған қан тамырының өзегімен қатынасып тұрса, тамырдың әр соғуына орай қан ісігі де солқылдап тұрғанын байқауға болады. Уақытында, яғни дер кезінде көмек көрсетілмесе, осындай ісік қан тамырды басып, қысып тастайды да, ісіктен төмен жердегі ұлпаларға қорек зат, оттегі келмегендіктен өледі, жансызданады.

 Осындай жасырын қан ағудан мал әлсірейді, қан қысымы төмендеп, қан тамырының соғысы жиілейді. Көрінетін кілегей қабықтары бозарыңқы болады, демікпе байқалады, мал теңселіп айдауға жүргісі келмей, жатуға тырысады.

Жасырын қан ағуда ауру малдың жалпы клиникалық белгілерімен жорамалдап отырып, арнайы бақылау әдістерімен ғана қанаған жерді анықтайды.

 Қан ағудың себебін, түрін анықтау үшін, ауру малдың мәліметтерін жинайды, аурудың белгілері, организмнің жалпы жағдайы зерттеледі, сонан соң қарау, тыңдау, лабораториялық және рентген сәулесіне салу әдістерін қолдана отырып, арнайы қосымша бақылау жүргізу диагнозды дұрыс қоюға көмектеседі. Ауру жануар қан құсса, құсықтың түріне көңіл бөлген жөн. Мысалы, қызыл қанның түсі өзгермей түссе - өңештен қан ағып тұр, қан күреңденіп, қарақоңыр тартып түссе – қан асқазан ағып тұр, ал құсықтағы қан қып-қызыл боп, көбіктеніп түссе - ол өкпеден акқан қан деп есептеледі. Нәжісін, және артқы аналь тесігінен қып-қызыл қан ақса тік ішек қан тамырыңан қан кеткен деп, тік ішектен қаракүрең, өзгерілген қан ақса, ол ұлтабар немесе ішектің басқа белімдерінде жарақат немесе қатерлі ісік бар деген сезікке келтіреді. Осындай ауру малға арнайы қосымша зерттеулер жүргізу қажет.

Артериялық қан ағу малдар үшін өте қатерлі. Себебі, қысқа уақыт ішінде қан тоқтату шаралары қолданылмаса, мал көп қан жоғалтып, қансырайды. Артериялық тамыр жараланғанда, қан атқылап, шапшып ағады. Қанның түсі-шымқай қызыл. Қан ағу көп уақытқа созылса, қан шапшуы әлсірей бастайды. Қан тамырдың қиылған өзегінің бірінен (орталык жағы), кейде қиылған өзегінің екі жағынан да ағуы мүмкін. Мысалы: малдың күре тамыры жараланса, қан қиылған тамырдың екі шетінен де шапшып ағады.

Веналық қан ағу. Вена қан тамыры жараланса, қан шапшымай жайлап, біркелкі ағады, түсі қоңыр қызыл. Қан жараланған тамырдың тек төменгі шетінен ғана ағады. Жүрекке жақын, кеуде қуыстарындағы вена қан тамыры жараланса, қауіпті жағдай тууы мүмкін. Яғни жараланған тамырға ауа кіріп, ауа эмболиясы атты жағдай туып, мал өлімге шалдығуы ықтимал. Сол себептен кеуде төңірегіндегі жарақатты тез арада матамен жауып, кеудеге ауа кіруін болдырмау керек. Кіші веналық қан тамырлары жараланғанда қан ағуы өз бетімен тоқтайды немесе жараланған аяқты көтерсе, қан тоқтату үшін соның өзі жеткілікті.

Капиллярлық қан ағу — деп ұп-ұсақ артерия мен қан тамырлардың (қылтамырлар) ең жіңішке бөліктерінен аққан қанды айтады. Жараланған жердің ұлпаларынан қан ағып тұрады. Қан ұю процесі нашарламаса, қанағу өз бетімен тоқайды.

Паренхималык, қан ағу дегеніміз — паренхималық органдар (бауыр, көк бауыр, өкпе) жараланғанда пайда болады. Бұл капиллярлық қанағуа ұқсас, бірақта өте қатерлі, себебі, бұл ағзалардағы ұсақ қан тамырларының өзегі өздігінен жабылмайды. Сондықтан қан тоқтату қиынға түседі. Қанап тұрған бауырды операция кезінде қара ет, фасция, фибриндік пленкалармен жауып, тығындап, қан тоқтату әрекетін жасаса, өкпенің жараланған жерін тігеді, қазір арнайы өзі кілейленетін гупка тығындарпайдаланылады. Ал көк бауырды операция кезінде алып тастайды.

Анатомиялық қанағудан басқа қанағуды топтастырсақ, механикалық қанағу (жаралану, жарақаттану себептерінен), тамыр қабырғаларының әртүрлі ауру себептерінен өзгеруі, қан құю процестерінің өзгеруінен, сыртқы атмосфералық қысымының азаюы не ұлғаюы, фосфор, бензол сияқты химиялық заттармен улану сияқты әртүрлі себептерден қанағу пайда болатынын айтқан жөн.

Ашық механикалық жарақаттарды емдеу. Жарақатты емдеуде қолданылатын шараның бірі, жарақатты зиянды әсерден қорғап, оның жазылуына қолайлы жағдай туғызуға бейімдеу. Ондай шаралар неғұрлым ерте және тиянақты жасалса, соғүрлым ол нетижелі болады. Жарақатты емдеу әдістері оның пайда болған уақытына, инфекция түсіп асқынуына қарай әр түрлі болады.

Жаңадан пайда болған жарақатты емдеу. Кездейсоқ, аяқ астынан пайда болған жеңіл, ашық жарақаттарға ем көрсетер алдында қосымша ластамауға әрекет жасау керек. Ағып тұрған қан болса, оны таза, стерильді дәкемен сүртіп, 5% йодтың спиртті ерітіндісін қайнаған сумен екі есе сұйылтып, соған шыланған мақта – мәрлі тампонды жарақатқа қойып, қысып таңғыш салу керек. Жарақат жеңіл, беткейлі, қан ағу аз болса оны өңдеуге септо – спрей, монклавит - 1 немесе антисептикалық ұнтақтар ақ стрептоцид, йодоформ қолданады. Таңғыш салу міндетті емес. Жарақат үлкен және терең болса жарақаттың айналасын, қуысын тазартып, жоғарыда аталған антибактериалдық дәрілердің бірімен өңдеп, шеттері бір-біріне беттестіріп тігіледі. Қазір бұл мақсатта жібек, капрон жіптермен қоса көпмақсатты, сіңіп кететін, полиамидті «Поликон» жібі қолданылады. Оны «сіңіп кететін» (сіңу уақыты 180 – 240 күн) және сіңбейтін жіп ретінде де қолдануға болады. Оған антибиотик сіңірілген, сондықтан тігіс айналасы іріңдемейді. Соған байланысты оны барлық ұлпаларды, теріні, бұлшық еттерді, сіңірді, қан тамырларын, ішкі үлпершек (паренхималы) ағзаларды  тігуге қолдануға болады.

Жарақатты емдегенде оның кезеңдеріне қарай ем қолданады. Жарақатты емдеуің бірінші кезеңіндегі емдеу қағидалары (принциптері):

1.  жарақатқа тыныштық беру;

2. орталық жүйке жүйесін артық ауырсыну сезімдерінен сақтау;

3. жарақатты өлі еттен және экссудаттан тазару;

4.  инфекцияға қарсы өңдеу;

5. организмнің ауруға қарсыласу қабілетін жоғарлату.

Жарақатты емдеудің екінші кезендегі  қағидалар (принциптер):

1.  жарақата тыныштықпен бірге өлшемді қозғалыс беру;

2.  грануляцияны тітіркенуден, жарақаттардан қорғау;

3. грануляция, эпителийзация және тыртықтану процесстеріне әсер ету;

4.  эпителийзация процесстерін жеделдету;

5. неғүрлым жарақаттың орнында тыртықтың аз қалуына әрекет жасау;

Осы қағидаларды іске асыру үшін төменгі ем әдістері қолданылады:

1. механикалық емдеу әдістері;

2. физикалық емдеу әдістері;

3. химиялық емдеу әдістері;

4. биологиялық емдеу әдістері;

5. патогенетикалық емдеу әдістері.

Бақылау сұрақтары 

1.         Тілінген (кесілген) жарақат

2.         Түйрелген жарақат

3.         Шабылған жарақат

4.         Мыжылған, жаншылған жарақат 

5.         Жыртылған жарақат

6.         Тістелген жарақат

7.         Уланған жарақат

8.         Түйдектелген (аралас) жарақаттар

9.         Ашық механикалық жарақаттардың емдеу тәсілдері

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1.      Жануарларға алғашқы емдік көмек көрсету: Қанжігітов Е.Қ., 64 бет     

2.      Мурәлінов  К.Л. Оперативті хирургия. (оқулық құрал) —Алматы Каз.ҰАУ . 2006 ж 416 б.