№5.Жайылым және қорада ұстаудың жалпы зоогигиеналық талаптары. Күтіп-бағу гигиенасы
Тақырыбы:
Жайылым және қорада ұстаудың жалпы зоогигиеналық талаптары. Күтіп-бағу
гигиенасы
Тобы:3ВС-4,3ВФ-9,3ВФ-11
Жоспар
1.
Малдарды
жайылымға бағуға дайындау және ауыстыру
2.
Жазғы
өріске жіберілер алдындағы тексеріс
Малдарды жайылымға бағуға дайындау
және ауыстыру
Малдарды
жайылымда ұстауға ауыстырар алдында шаруашылықтың ветеринарлық шараларының
жоспары бойынша малды тексереді және ветеринарлық-санитарлық шаралар
жүргізіледі:
-әлсіз,
ауру және ауруға күдікті малдарды анықтайды;
-сәйкесінше ем тағайындайды;
-созылмалы індеттерді
(туберкулез, бруцеллез) анықтау үшін арнайы
диагностикалық зерттеулер (туберкулинизация
және т.б.)
Індетті
ауру малдарды оқшаулайды және шаруашылықтарда ветеринарлық заңдылықтарға сәйкес
шараларды іске асырады. Ішқұрт ауруларын анықтау үшін гельминтологиялық
зерттеулер жүргізіледі. Ауру малдар және қарауыл итттерді дегельминтизациялайды.
Тері бөгелегімен (оқыра) зақымданған (гиподерматоз) барлық малды тоғышардың
балаң құртын жою үшін арнайы өңдеуден өткізіледі.
Жайылымға
шығар алдында малдарға топырақ індеттерінің (топалаң, қарасаң және т.б.) алдын
алу үшін осы ауруларға қарсы вакцина егеді.
Жайылымда
ұстауға дайындық барысында малдың тұяғын қысқартады, ал жылқыларда тағалайды.
Жайылымдық топтарды (үйір, отар, табын) құру үшін малдардың таңбаларын және
сырғаларының нөмірін тексереді, тірілей салмақтарын анықтайды және жынысына,
жасына, өнімділіктеріне, денсаулықтарының жағдайларына қарай
топтайды.
Малды
жайылымда ұстауға ауыстырар кезінде мал органимздерінің азықтандыру
жағдайларының өзгерулеріне дайындаудың маңызы зор. Балауса көк шөптерді малдарға
бірден тойдыра жегізуге болмайды, себебі, көп жағдайда диарея, тимпания және
өнімділіктің төмендеуімен сипатталатын ас қорыту жүйелерінің бұзылуы байқалады,
ал кейбір жағдайларда ол іш тастаумен, жайылымдық тетаниямен және басқа да
асқынулармен сипатталуы мүмкін. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін 7-10 тәулік
ішінде азықтық рационды өзгертеді, яғни шырынды көк шөптің мөлшерін төмендетеді.
Осы мақсатта жайылымға шығар алдында малдарды құрғақ азықпен азықтандырады, яғни
мал көк шөпке қатты тойып кетпес үшін.
Жайылымдық
ұстаудың басында малдарды 2-3 сағат қана жаяды және 7-10 күн ішінде малдарды көк
шөпке толық үйрету мақсатында біртіндеп жайылымға жаю уақытын ұзарта
береді.
Жазғы
өріске жіберілер алдындағы тексеріс
Жайылымға
шығарыларда барлық мал ветеринарлық-гигиеналық бақылаудан өтуге тиіс. Ауру және
әлсіз мал жеке топтастырылып, жақын жердегі жақсы өріске шығарылады. Малды қалай
болса солай, бет-бетімен жаюға болмайды. Өйткені олар өрістегі шөптің құнарлығын
отайтады да, қалғандарын таптап өте шығады. Мұның салдарынан жайылымды арам шөп
басып кетеді. Малды бетімен жаю көптеген жұқпалы және инвазиялық аурулардың етек
алуына әкеп соқтырады. Сондықтан да кейінгі жылдары жайылымды учаскелерге бөлу
ісіне ерекше назар аударылуда. Әрбір қой отарының өзіне бекітіп берілген жері,
загондары болады. Бір учаскенің шөбі оталып бітсе, малды екінші учаскеге
көшіреді, сөйтіп жайылым шөбінің әрдайым бітік болуына назар аударылады. Осылай
ұйымдастырылған жайылымда мал тез қоңданады, оның өнімділігі артады. Мал
арасында құрт аурулары азаяды. Жайылым учаскелері уақытында ауыстырылып, өрісте
мал бағу жұмысы реттелсе, мәселен, қой, бұзау диктиокаулезінен, ірі қара
гемонхозынан, жылқы параскаридозынан т.б. аурулардан арылуға болады. Мұндағы
негізгі шара-жайылымдағы малға биологиялық жолмен дегельминтизация жасау
(К.И.Скрябин), яғни оның ішіндегі құртты табиғи жолмен айдап шығып, құрту. Бұл
әдіс мынаған негізделген: малдың нәжісіне ілесіп шыққан құрт жұмыртқалары мен
личинкалары 8-9 күнде өсіп жетіледі де, сау малдың денесіне еніп (шөппен бірге),
оны ауруға шалдықтырады. Ал жайылым 5-6 күнде ауыстырылса, құрт ауру тудыратын
сатыға дейін өсіп жетіле алмайды, демек, ондай құрт мал үшін қауіпті емес. Құрт
личинкалары оңтүстіктегі аудандарда 3-6 ай бойы өлмей, жайылымда тіршілік ете
береді, ал солтүстікте тіпті жыл бойы сақталады. Сондықтан осы мерзім ішінде
ондай жайылымда мал жаюға болмайды. Жайылым ауыстыру сондай-ақ ірі қара мен
жылқыға ауру тарататын Ixodes ricinus, Dermocenter reticulatum, Boofilus
кенелеріне қарсы бағытталған пәрменді шара. Кене мал денесінде 21-24 күн қан
сорады да, жерге түсіп, мұнда 7 ай бойы аш жатқанмен өлмейді. Егер мал 8 ай
өтісімен өріске шықса, ол ауруға шалдықпайды, өйткені бұл мерзімге қарсы кенелер
қырылып қалады. Малды бір учаскеден екінші таза учаскеге айдарда тоғытып алады,
сөйтіп оның денесіне жабысқан кенелерді өлтіреді.
Малды
көктемде жайылымға шығарарда жеке-жеке қарап шығып, олардың арасында
арық-тұрақтары болса оқшаулап емдейді. Белгілі жоспарға байланысты малды
вакцинамен, сары сумен егеді. Жайылымда кездескен шөпшек, қауларды өртеп
жібереді. Мұның нәтижесінде иксод кенелері жалынға шарпылып, қырылады. Мал
арасына жұқпалы ауру таратып алмау үшін оны қорымнан аулақ бағу керек. Қорымның
айналасын мал кіре алмайтындай етіп, қоршап тастаған жөн.
Жазғы
өріске жіберілер қарсаңында барлық мал сібір жарасы, тілме т.б. ауруларға қарсы
егіледі. Құлақ сырғалары түсіп қалғандары қалпына келтіріледі, өсіп кеткен
тұяқтары жоңылады, сүзеген малдың мүйізінің ұшы кесіледі.
Ішек-қарын
ауруларынан сақтану үшін жаңбыр мен шықтан кейін малды жоңышқа мен бедеге жаюға
тиым салынады. Сол сияқты малды батпақты жайылымдарға жаюға
болмайды.
Мал
қораларының таза, құрғақ болуы, онда өкпек желдің соқпауы, улы газдардың болмауы
қадағаланады. Қоралардағы ауаның температурасы мен ылғалдылығы мынадай: сиыр
қораларында температура 10градус, ылғалдылығы 85%; жылу берілмейтін бұзау
қорасында температура 5градус, ылғалдылығы 75%; бұзаулайтын бөлімше мен
профилакторияларда тиісінше 12 және 70, бордақылаудағы шошқа қорасында 16 және
75 болады.
Қораның
температурасы мен оның ылғалдылық дәрежесі желдеткіштің системасына, төсеніштің
түрі мен қалыңдылығына, қабырға мен төбені жапқан материалдың сапасы мен түріне
байланысты. Егер қора өте ылғалды болған жағдайда онда еденге сөндірілмеген әк
пен ағаш ұнтағын араластырып (1:3) төгу керек. Қораның микроклиматын жақсарту
үшін төсенішке суперфосфат (бір шаршы метріне 200г) себуі пайдалы. Бұл
аммиактарды байланыстырып, көңдегі азотты молайтады.
Малдың
қажетті төсеніші болуы шарт.
Төсеніш
болмаған қораларда төлдейтін малдардың іш тастап, суық тигеннен болатын әр түрлі
ауруларға шалдығуы мүмкін. Төсеніш мынадай мөлшерде төселуі тиіс: сабан (күніне
әрбір басқа): сауын сиырға 2,5 кг, ірі қараның төлі мен шошқаға 1,5-2 кг,
жылқыға 2-2,5 кг.
Қорадағы
температураның бірқалыпты болуы желдеткіштің түзіктігіне байланысты, яғни бұл
қора құрғақ болады деген сөз. Мұның өзі малдың өнімділігін арттырады. Желдеткіші
жақсы қораларда көгілдір ультра сәулелер жалпы желдеткіші жоқ қоралармен
салыстырғанда екі есеге жуық көп болады.
Терезе
әйнегі неғұрлым таза болса, одан көгілдір ультра сәулелері мол түсетіндігі
анықталады.